Құрметті отандастар!
Қадірлі депутаттар және Үкімет мүшелері!
Баршаңызды Парламенттің кезекті сессиясының ашылуымен құттықтаймын!
Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ, халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады.
БІРІНШІ БАҒДАР. ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТ.
Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ.
Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ, оны шешудің нақты жолдары бар.
Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру.
Жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтары мыналар:
– жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, яғни, мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту;
– бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне бірдей мүмкіндік беру;
– сондай-ақ, ұлттық табысты әділ бөлу.
Мұның бәрі кезек күттірмейтін бірқатар маңызды міндетті шешуді талап етеді.
ЕКІНШІ БАҒДАР. НАҚТЫ СЕКТОРДЫ ДАМЫТУ.
Ең алдымен, жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тарту үшін заңнаманы және рәсімдерді барынша жеңілдету керек.
Геологиялық ақпарат туралы бірыңғай мәліметтер банкін құру жұмысын аяқтау қажет.
Үкіметке индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырамын.
Былтыр менің тапсырмам бойынша барлық арнайы экономикалық аймақтың тиімділігі бағаланды. Соның нәтижесінде түйткілді тұстарды анықтап, тың тәсілдерді ойластырдық. Енді арнайы экономикалық аймақтарды дамыту үшін мүлде басқа саясатқа көшкен жөн.
Қазіргі таңда шетел компаниялары Қазақстанға көше бастады. Сондықтан, бұл мәселе тіпті өзекті болып отыр.
Арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру керек. Неғұрлым көп ақша салсаң, соғұрлым көп жеңілдік аласың деген ұстаным басты қағида болуы қажет.
ҮШІНШІ БАҒДАР. ЕЛ БОЛАШАҒЫНА АРНАЛҒАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ИНВЕСТИЦИЯ.
Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды.
Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен, жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр.
Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен. Тіпті, сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл – үлкен олқылық. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті.
Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын.
ТӨРТІНШІ БАҒДАР. МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ІСІН ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТУ.
Экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажет. Жұрт бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұрандардан жалықты. Халық мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде орындағанын қалайды.
Саяси қызметшілердің жеке жауапкершілігін арттыра отырып, мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыруға баса назар аудару керек. Үкіметтің кейбір құзыреттерін министрліктерге берген жөн. Нақты бір саладағы саясатқа «ұжымдасқан кабинет» емес, нақты бір министр жауапты болуға тиіс.
БЕСІНШІ БАҒДАР. ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП.
Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет.
Осыған орай, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ, жемқорлықтан таза болуы қажет.
Ең алдымен, барлық судьялардың мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек.
Көптеген сот төрағасы лауазымы судья лауазымы болып өзгереді.
Сот төрағасы және Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тәсіл енгізуді ұсынамын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы